Экономика

Қазақстан мен Ресей АЭС салу туралы келісімге қол қойды

Құрылыс жұмыстары 2027 жылы басталмақ.

Владивосток қаласында өтіп жатқан XI Шығыс экономикалық форумы аясында Қазақстан Республикасында атом электр станциясын жобалау, жабдықтау және салу жөніндегі Келісімшартқа қол қойылды.

Құжатқа «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС мен «Росатом» мемлекеттік атом энергиясы корпорациясының еншілес кәсіпорны – «Атомстройэкспорт» АҚ арасында қол қойылды.

Келісімшартқа қол қою рәсімі Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев пен «Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачёвтың қатысуымен өтті.

Келісімшартқа қол қою Қазақстандағы алғашқы АЭС құрылысы жобасының жаңа практикалық кезеңге өткенін білдіреді.

2026 жылғы 28 мамырдағы үкіметаралық келісімге сәйкес, тараптар белгіленген рәсімдерді, соның ішінде Қазақстан Республикасының Үкіметімен қажетті келісуді жүзеге асыруға кіріседі.

АЭС жобасын іске асыру ел үшін стратегиялық маңызға ие. Экономиканың, өнеркәсіптің, инфрақұрылымның, цифрландырудың және жасанды интеллектінің дамуына байланысты Қазақстанның сенімді әрі тұрақты электр энергиясына деген қажеттілігі кезең-кезеңімен арта түседі.

Атом энергетикасы алдағы онжылдықтар бойы тұрақты базалық электр энергиясын өндіруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жобаны іске асыру отандық өнеркәсіпті дамытуға, озық технологияларды енгізуге және жоғары білікті кадрларды даярлауға қосымша мүмкіндіктер береді.

АЭС құрылысы Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін нығайтуға, өнеркәсіптік және технологиялық әлеуетін дамытуға, кадрлық резерв қалыптастыруға және елдің технологиялық егемендігін нығайтуға бағытталған ұзақ мерзімді саясатының маңызды бөлігі болып табылады.

Алғашқы АЭС құрылысы жобасын іске асыру барысында жергілікті қамтуға – қазақстандық кәсіпорындарды, мамандарды, тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді барынша тартуға ерекше назар аударылады. Алғашқы АЭС құрылысы отандық өнеркәсіпті дамытуға, жаңа өндірістер мен технологияларды игеруге, сондай-ақ атом энергетикасын одан әрі дамыту үшін ұлттық құзыреттерді қалыптастыруға серпін беруге тиіс.

Жобаны іске асыру тұрақты экономикалық өсімнің ұзақ мерзімді негізін қалыптастырып, Қазақстанның заманауи атом саласын дамытудағы негізгі кезеңдердің біріне айналады.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button