Қоғам

Қазақстанда алғашқы «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонына тіркелу басталды

Елімізде кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған ең ауқымды ұлттық жоба – «Кітап оқитын ұлт» марафонына өтінім қабылдау басталды. Интеллектуалдық дода 2026 жылдың қыркүйегінен 2027 жылдың сәуіріне дейін қазақ және орыс тілдерінде өтеді деп хабарлайды Tiek.kz.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан жоба жасына және қызмет саласына қарамастан барлық қазақстандықты бір арнаға тоғыстырмақ.

Марафонның 7 бағыты (лигасы)

Қатысушылар өздерінің санатына қарай мынадай бағыттар бойынша бақ сынай алады:

  • «Кітап оқитын мектеп» — 6–10 сынып оқушылары;

  • «Кітап оқитын колледж» — колледж студенттері;

  • «Кітап оқитын университет» — жоғары оқу орындарының студенттері;

  • «Кітап оқитын педагог» — мектеп мұғалімдері мен колледж оқытушылары;

  • «Кітап оқитын әулет» — отбасылық командалар;

  • «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» — мемлекеттік қызметшілер;

  • «Кітап оқитын зияткер» — жасы мен қызмет саласына шектеу қойылмайтын барлық азамат.

Шарттары қандай?

Әр қатысушы арнайы іріктелген 330 кітаптан тұратын қордан (165-і қазақ, 165-і орыс тілінде) 15 кітап таңдап оқуы қажет. Кітаптар тізіміне отандық авторлардың шығармалары, әлем классикасы, заманауи туындылар, Нобель сыйлығы лауреаттарының еңбектері мен жалпыұлттық «100 кітап» тізіміне енген бестселлерлер кірген.

Негізгі оқу кезеңі 2026 жылдың қыркүйегінен 2027 жылдың наурызына дейін жалғасады. Осы аралықта оқырмандар жеке кабинетінде кітаптар бойынша қысқаша пікір қалдырып отыруы тиіс. Ал 2027 жылдың наурыз-сәуір айларында қорытынды тестілеу мен зияткерлік квиздер ұйымдастырылады.

Жеңімпаздарға берілетін жүлде

Өңірлік кезеңдердің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне қомақты ақшалай сыйлықтар қарастырылған:

  • 1-орын — 600 000 теңге;

  • 2-орын — 450 000 теңге;

  • 3-орын — 300 000 теңге.

Барлық финалист дипломдармен және электронды сертификаттармен марапатталады.

«Бүгін біз марафонға тіркелуді ашып, жасы мен мамандығы әртүрлі адамдарды кітап төңірегіне біріктіретін үлкен жалпыұлттық қозғалысқа жол ашып отырмыз. Бірлесе отырып, кітап оқуды заманауи өмірдің маңызды құрамдас бөлігіне айналдыра аламыз деп сенемін. Зерделі ұлттың — қуатты, білімді әрі ойлайтын ұлт екенін көрсетейік», — деді «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков.

Қатысу ережелері мен кітаптар тізімі жобаның ресми сайтында жарияланған: www.reading-nation.kz

(Анықтама үшін: Жобаға Қазақстан Жазушылар одағы, Креативті индустрияларды дамыту қоры, сондай-ақ KITAP және «Яндекс Кітаптар» цифрлық платформалары серіктес ретінде қолдау көрсетуде).

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button