Қоғам
Алматыдағы Абай ұлттық мектебінде не болып жатыр?
Кешеден бері Алматыдағы Абай ұлттық мектебіне қатысты түрлі сыбыс тарап жатыр. Бір дерек көзі директордың болмауына байланысты мектеп жаңа оқу жылын бастай алмағанын жазған. Тағы бір дерек көзінде оқу ғимаратаның дайын еместігі айтылады. Яғни осы жазда аудит барысында мектеп ғимаратына қатысты 10,4 миллиард теңгенің заңбұзушылықтары анықталып, директор мен орынбасары қызметінен қуылған.
Айта кетерлігі, «Абай ұлттық мектебі» – елде ұлттық дәрежесін алған жалғыз білім ордасы.
Желіде аталмыш мектептің ұстазы Жарқын Сәленұлының жазбасы жарияланды. Оның жазуына қарағанда, мектептегі мәселе өте күрделі болып отыр:
Абай ұлттық мектебінде туындаған мәселелер бойынша нақты жағдайға сипаттама
Қазақта «Ауруыңды жасырғанмен, өлімің әшкере” деген мақал бар. Мектептегі жағдай дәл сондай. Аталған мектептің 8 жылдан бергі қызметкері және барлық оқиғалардың куәгері ретінде нақты жағдайлардың кейбіреуіне тоқталайын:
1. Білім күні — мереке. Мектепке сондай көңіл-күймен келу керек. Алайда біздің ұжым күдік-күмәнмен, уайыммен келді. Себебі оқу жылы басталып кетсе де, оқу жоспары министрлік тарапынан бекітілмеді. Салдарынан мұғалімдер оқу жүктемесін, тиісті жоспарын жасай алмады. Сабақ кестесі жасалмады, сабақ өтілмеді.
2. Сабақ басталғанға дейін өтуі тиіс педкеңес 1-қыркүйекте өтті. Оның өзінде мектептің жаңа оқу жылындағы бағыт-бағдары мен жоспары талқыланбады. Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясынан келген қызметкерлер бос тұрған директор орынбасарларының міндетін атқарушыларды тағайындады. Ал біз жұмысты жүйелейтін жаңа директорды күттік.
3. Мектебіміздегі 7-8-сыныптардың қай бағдарламамен оқитыны 1-қыркүйек болса да, нақтыланбады. Бізде «қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын үлгілік оқу бағдарламасы» және өткен жылғы 7-сыныптар оқыған «Qazaq national school programme» оқу бағдарламалары деген екі бағдарлама бар.
4. Жоғарғы сынып оқушыларының кейбірі түрлі себептермен басқа мектепке ауысқан. Олардың орнын толықтыру, сынып пен топқа бөлу мәселесі толық шешілмеді. Бұл — мұғалімдердің оқу жүктемесін, қай сыныпқа қай пәннен дәріс өтетінін анықтап, жоспар құруына кедергі келтірді.
5. Жоғардағы мәселелер — қауесет, жалған ақпарат емес, мектепте орын алған нақты жағдай. Туындаған маңызды мәселенің салдары. Ал оның басты себебі, мектеп директорының ерте анықталып, тағайындалмауы. Басшыны тағайындау және орнынан алу — тікелей министрліктің жұмысы. Өйткені біз Оқу-ағарту министрлігіне тікелей қарайтын мекемеміз.
Маңызды жайт: мектеп басшысын тағайындаудағы тұрақсыздық соңғы 4-5 жылдан бері жалғасып келеді. Атап айтқанда, министрлік 3 директорды Астанадан өздері жіберіп, өздері орнынан босатты. Асхат Аймағанбетов министр кезінде тағайындалған Ержан Нұрланұлы мектепте басшы болып көрмеген. Ол біздің мектептен тәжірибе жинап аттанды. Қысқасы, біздің мектеп — тәжірибе жасайтын алаң сияқты. Оған аты аталған басшыны тағайындау және екі түрлі оқу бағдарламасымен оқуымыз нақты дәлел. Ал қолданыстағы бағдарламаның оқулығын әзірлеуді жылдар бойы айтып келеміз, — әлі күнге нәтиже жоқ.
6. Басшының жиі ауысуының салдары мен зардабын жылдар бойы мектеп ұжымы, педагогтер көрді, себебі жүйелі, тұрақты, сенімді жұмыс істеуге кері әсерін тигізуде. Сырттан келген жаңа басшы ұжыммен толық танысып, мектептің мақсат-мұрат, миссиясын меңгеріп, жоспарын жүйелей бергенде орнынан алып тастап, басқасын жібереді. Бұл жайт — мамандар мен оқушылардың тұрақтылығы, мектептің тұрақты дамуына белгілі деңгейде кедергі болады. Осы жағдайлардың бәрін көктемде мектебіміздегі ұжыммен кездескен министр Жұлдыз Досбергенқызына айттық және салдары болатынын ескерттік. Нәтижесі кеше көрінді.
7. Атам қазақ “өткелде ат ауыстырмайды” дейді. Мектептің аты ауысып, миссиясы жетілдіріліп, жаңа ғимаратқа көшіп жатқанда, қыруар жұмыс жүйеленбей тұрғанда, басшыны ауыстыру жоғарыдағыдай мәселелерді туындатты. Ақиқатын айтқанда, шілдеде орнынан алынған мектептің директоры Қайрат Мұқашев іскер, адал, әділ басшы болды. Ол — мектептің түрлі жағдайына қажетті тұста қалтасынан ақша қосып, қонып-жатып жұмыс істеді. Ұжымға диктаторлық жүргізбеді. Келісе отырып, мәмілемен мәселелерді шешті. Ең бастысы, мектепке қызметкер (мұғалім, тәрбиеші, т,б), оқушы қабылдау тек арнайы конкурспен таза өтті. Мектепті дамытуға қойған мақсаты үлкен әрі айқын еді. Министрлік оның бастаған ісін соңына жеткізбей босатты. Қысқасы, жалғыз ұлтық мектептің жұмысын жүйелей алмасақ арға сын емес пе?
8. Мемлекеттік деңгейде ашылған алғашқы және жалғыз ұлттық мектепті атына затын сай етіп сақтап қалу, соған лайық жетілдірілген, сынақтан өткен бағдарлама мен мазмұн қалыптастыру кезек күттірмейтін іргелі іс. Оны кім және қалай іске асырар екен?
9. Президентіміз ұсынған желілік Абай мектептерінің басталып тоқтап тұрған жұмысын жүйелеп іске асырса таңдаулы жоба болар еді.
10. Жоғардағы жағдайларды саралай келе, Президентіміздің тамыз кеңесінде айтқан сөзін еске түсіргенді жөн көрдім:
«Реформаларды, өзгерістерді, әрине, жүргізу керек, бірақ ондай өзгерістер мұғалімдерді әбден шаршатып, оларды күйзеліске ұшыратпауы керек. Реформа, бұл – бастапқы сынақ, эксперимент емес, бұл – жауапты шешім мен іс-шара;
Педагогтерді ығыр қылатын қағазбастылықтан, бітпейтін есептен, аттестациядан өту талабынан және басқа да пайдасыз тексерістерден босату керек;
Оқу-ағарту министрлігі мен әкімдіктер басқармалары, ең алдымен, құқықтық-нормативтік актілер мен саланы реттеу базасын жетілдірумен, оқу үдерісін тиімді ұйымдастырумен және білім беру бағдарламаларын мұқият саралаумен айналысуы қажет;
Ұстазды қадірлей білу – өркениетті қоғамға тән қасиет. Біз ұлт сапасын арттырамыз десек, бірінші кезекте мұғалімдерге барынша қолдау көрсетуіміз керек. Бұл – мен үшін мызғымас ұстаным».
Түйін: Абай ұлттық мектебінің ұжымы 70 жылға жуық тарихы бар қасиетті қара шаңырақты қадірлейді, қалтқысыз қызмет етеді. Мектеп атына кір келетін жағымсыз әрекеттердің болуын қаламайды. Сондықтан да күні кешеге дейін ашық ақпараттық әлемге өздері шығып мәселені жұртқа жайған жоқ. Министрлікпен ақылдаса отырып сабырлы, саналы іс істеп бәріне көнді. Алайда кейбір алыпқашпа, жалған ақпараттардың пайда бола бастауына тосқауыл болып, нақты ақпараттың таралуы үшін осы жазбаны жазуыма тура келді. Оның соңы қудалау мен келеңсіздікке апармайды деп сенемін.
Мектептің жағдайына алаңдаушылық білдіріп мәселелердің тиімді шешілуіне мүдделі болып отырған қамқоршылық кеңеске, түлектерге, ата-аналар мен барша қолдаушыларға алғыс айтамын!
Айтпақшы, осы жазбадан кейін мені үркітіп-қорқытып, тергеп-тексеріп, түрлі себеппен жұмыстан шығарып жатса жалпы жұртқа жариялауыма тура келеді.
Бір өкінішті жағдай, мәселені ашық айтушылар қудаланып, ақиқатты, шынайы ақпаратты жасыру және шындықтан қорқу оны ушықтыра түсуге апарып соғады. Мәселе күрделене түседі.
Тағы бір қосарым: бұл мәселені үкімет басшысы, құрылтай депутаттары, президент әкімшілігі назарға алып ұжыммен ашық кездесіп сөйлессе, қордаланған мәселелердің толық шешілуіне жедел ықпал етсе әлдеқайда өнімді болар еді. Себебі министрліктің өзінің қатысы бар жайсыз жағдайды жоғарғыларға жеткізуі неғайбыл. Мәселенің салдарын жоюдың орнына себебін тауып оң шешім қабылдау — аса маңызды.
Ал нақтылық пен шындық — Абай ұлттық мектебінің өзінде. Бізге дау-дамай, айғай-шусыз, тыныш, тұрақты әрі жүйелі жұмыс істеу ғана керек…



