Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында Даму банкі құрылатын болды
Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымының Даму банкін құру бастамасын қолдап, оның штаб-пәтерін ел аумағында орналастыруды ұсынды.

Бішкекте өтіп жатқан ШЫҰ саммитінде ұйым аясында ШЫҰ Даму банкін құру туралы бастама көтерілді.
Бұл ұсынысқа Беларусь Президенті Александр Лукашенко бірден қолдау білдірді. Лукашенконың айтуынша, мұндай банк ұйым елдері арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтып, өңірдің қаржылық егемендігін күшейтуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Лукашенко ШЫҰ аясындағы бірлескен экономикалық бастамалар нақты нәтиже беріп, халықтың әл-ауқатын арттыруы керек екенін атап өтті. Беларусь басшысы ұйым елдері арасындағы есеп айырысуда ұлттық валюталардың үлесін арттыруды да қолдады. Оның пікірінше, бұл төлем жүйелерін сыртқы сын-қатерлерден қорғауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Лукашенко ШЫҰ-ның бірыңғай, ашық әрі қауіпсіз цифрлық кеңістігін тезірек құруды ұсынды.
Өз кезегінде Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымының Даму банкін құру бастамасын қолдап, оның штаб-пәтерін ел аумағында орналастыруды ұсынды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың банк құру жөніндегі бастамасын қолдайтынын айтты. Оның сөзінше, егер ұйымға мүше мемлекеттер арасында ортақ келісім болса, Қазақстан жаңа қаржы институтының штаб-пәтерін қабылдай алады.
«Қазақстан Қытайдың ШЫҰ Даму банкін құру туралы бастамасын қолдайды. Қаржы ұйымының ресурсын, ең алдымен, инфрақұрылымдық, технологиялық және өнеркәсіп жобаларына бағыттаған жөн. Мүше мемлекеттердің ортақ ұйғарымы болған жағдайда, Қазақстан аталған институтты, оның штаб-пәтерін өз аумағында орналастыруға дайын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Даму банкінің ресурстарын ең алдымен инфрақұрылымдық, технологиялық және өнеркәсіптік жобаларды іске асыруға бағыттау орынды екенін атап өтті.
Саммитті өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитеті хабарлауынша, Бішкекте өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитінің қорытындысы бойынша ұзын-саны 28 құжатқа қол қойылған.
Құжаттардың қатарында ШЫҰ-ның жиырма бес жылдығына арналған Бішкек декларациясы бар. Сондай-ақ 2032 жылға дейін есірткіге тәуелділікпен күрес және синтетикалық есірткілер мен олардың прекурсорларының таралуына қарсы іс-қимыл бағдарламасы қабылданды. Бұдан бөлек, 2026– 2028 жылдарға арналған халықаралық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл жоспары бекітілді. Саммитке қатысушылар ШЫҰ елдерінің порттары мен логистикалық орталықтарын дамытуға арналған 2026– 2030 жылдарға арналған жол картасына да қол қойды. Сонымен қатар ядролық және физикалық ядролық қауіпсіздік мәселелері бойынша декларация қабылданды. Ал Пәкістанның Лахор қаласы 2026– 2027 жылдарға ШЫҰ-ның туристік және мәдени астанасы болып жарияланды.



