Алматы облысында тіс дәрігерлері балаларды сыртынан емдеп, 66 млн теңге жымқырған

Алматы облысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінен 65 900 000 теңге заңсыз алынғаны анықталды.
Бұл туралы облыстық прокуратура хабарлады.
Тергеу мәліметінше, 2 жекеменшік стоматологиялық клиниканың директоры пациенттердің жеке деректерін пайдаланып, медициналық ақпараттық жүйеге балаларға ортодонтиялық қызмет көрсетілгені туралы жалған мәлімет енгізген.
Бұл балалардың арасында туа біткен патологиясы бар науқастар да болған. Осы мәліметтер негізінде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан клиникаларға ақша аударылған. Нәтижесінде мемлекетке 65 900 000 теңге көлемінде шығын келтірілген.
Прокурорлық тексеру нәтижесінде қылмыстық іс тіркеліп, іс сотқа жолданған. Қонаев қаласының соты кінәлі адамды соттады.
Прокуратура мәліметінше, мемлекетке келтірілген шығын толық өтелді.



