
Айбек Дәдебай төрағалық ететін «Әділет» партиясының тізімі жарияланды. Саяси додаға түскелі жатқан бұл тізімге назар аударсақ, атқарушы билік пен ірі өнеркәсіп орындарында ауқымды кадрлық ауыс-түйіс күтіп тұрғанын аңғаруға болады, деп хабарлады tiek.kz.
Тізімге енген лауазымды тұлғалар Парламентке немесе партиялық қызметке өткен жағдайда, бірқатар маңызды ведомстволарда басшылар ауысады.
Қай орындар босайды?
Үкіметтегі вице-министрлер:
Стратегиялық министрліктерде үлкен ротация болады. Тізімде Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев, Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов бар. Демек 2 министрлікке жақын арада жаңа орынбасарлар тағайындалады деген сөз.
Өнеркәсіп алыптары мен аймақтар:
Ең басты жаңалықтардың бірі – тізімде «Qarmet» компаниясының бас директоры Вадим Басиннің болуы. Ол саясатқа немесе заң шығарушы органға толық ауысса, еліміздің бас металлургиялық кәсіпорнына жаңа басшы қажет болады.
Сондай-ақ, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Әбілқайыр Тамабектің де орнына жаңа кадр іздестіріледі.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваның партия тізіміне енуі де бұл маңызды институтқа да жаңа басшы келуі мүмкін екенін меңзейді.
Тізімде белгілі ғалым Дихан Қамзабектің есімі аталады. Соған қарағанда жақын күндері «Қазақ газеттері» ЖШС бас директорлығана басқа адам келуі мүмкін.
Медеуова Дана Теміртайқызы — қазақстандық кәсіпкер, саяси ғылымдар докторы. Айта кетерлігі есімі елге танымал тұлға Ізбастиннің қызы. Ол туралы негізгі мәліметтер: Анасы — Қарлыға Кемелқызы Ізбастина. Әкесі — Теміртай Рымтайұлы Ізбастин (белгілі дипломат, Қазақстанның Болгариядағы бұрынғы Төтенше және Өкілетті Елшісі).
Сол секілді белгілі балуан Нұрбақыт Теңізбаев та тізімде жүр. Ол 2003 жылдан бері Алматы облысы Кеген ауданының әкімі қызметін атқарады.
Айтпақшы, Ұлттақ арнадан бір-екі орын босайтын секілді. Тізімге екі журналист енген.
Орталық сайлау комиссиясы мен Сенат: ОСК төрағасының бұрынғы орынбасары Константин Петровтың, сондай-ақ бұрынғы Ішкі істер вице-министрі, экс-сенатор Марат Қожаев және мен Бишімбаев ісімен танымал болған прокурор Айжан Аймағанованың бұл қатардан табылуы мемлекеттік аппараттағы үлкен трансформацияны көрсетеді.
Айбек Дәдебай бастаған «Әділет» партиясының қатарында Асхат Аймағамбетов, Айдос Сарым, Ерлан Сайыров сияқты саяси салмағы ауыр саясаткерлердің шоғырлануы бұл ұйымның ықпалы өте зор екенін көрсетеді. Ендігі басты интрига – Парламентке немесе партия жұмысына кетіп жатқан шенеуніктер мен топ-менеджерлердің орнына кімдер келеді? Саяси кулуарлардағы тағайындаулар легі алдағы күндері қыза түспек.



