Қатерлі ісік диагнозы: Биопсия жауабын қанша күту керек және жасанды интеллект қашан енеді?

Онкологиялық ауруға күдік туғанда, кез келген науқас үшін ең ауыр сынақ – анализ жауабын күту. Кейде нәтиже апталап, тіпті айлап кешігіп жатады. Tiek.kz ақпараттық порталы оқырмандар сауалы ізімен Денсаулық сақтау министрлігіне хат жолдап, биопсия мен онкомаркерлерге қатысты маңызды сұрақтардың басын ашып көрген еді.
Министрліктің ресми жауабына сүйенсек, күту уақытының өз заңдылықтары бар, ал алдағы уақытта бұл салаға жасанды интеллект араласуы мүмкін.
Биопсия жауабы қашан дайын болуы тиіс?
Министрліктің мәліметінше, зерттеу мерзімдері арнайы стандартпен (№ ҚР ДСМ-259/2020 бұйрығы) қатаң бекітілген. Медициналық ұйымдар мынадай уақыт талаптарын сақтауға міндетті:
Жедел биопсияның жауабы материал зертханаға түскен сәттен бастап 30 минут ішінде дайын болуы керек.
Экспресс-цитологиялық зерттеу 20 минутқа дейін уақытты алады.
Қалыпты цитологиялық зерттеу 2 жұмыс күніне дейін жүргізіледі.
Күрделі диагностикалық биопсиялық және операциялық материалдарды зерттеу 5-7 күннен 10 жұмыс күніне дейін созылады.
Гистологиялық зерттеу мерзімі оның күрделілігіне қарай 10–14 жұмыс күнін құрайды.
Бірнеше маркерді қолданатын иммуногистохимиялық (ИГХ) зерттеулер кемінде 14 жұмыс күнін талап етеді.
Молекулалық SISH/FISH зерттеулері 10 жұмыс күніне дейін жүргізіледі.
Нәтиже неге кешігеді және кезекте қанша адам бар?
Анализ жауабын нормативтік мерзімнен артық күтудің басты себебі – биологиялық материалдың күрделілігі. Қосымша материал алу, жаңа зерттеу әдістерін қолдану немесе мамандардың басқа да консультациялары қажет болған жағдайда мерзім заңды түрде ұзарады. Тіпті, аса күрделі жағдайлар бойынша халықаралық телепатологиялық консультациялар ұйымдастырылып, ол 30 жұмыс күніне дейін созылуы мүмкін.
Қызығы сол, дәл қазір ел бойынша биопсия немесе онкомаркер жауабын күтіп, кезекте тұрған науқастардың нақты статистикасы жоқ. Министрліктің түсіндіруінше, қолданыстағы статистикалық есептілік нысандарында бұл жеке көрсеткіш ретінде қарастырылмаған.
Онкомаркер бәрін шешпейді
Ел арасында «онкомаркер тапсырсам, қатерлі ісіктің бар-жоғы бірден белгілі болады» деген жаңсақ пікір бар. Министрлік онкомаркерлер қатерлі ісік диагнозын дербес (өздігінен) растайтын диагностикалық әдіс емес екенін қатаң ескертеді. Ол тек пациентті кешенді тексерудің бір бөлігі ғана. Сондықтан оны зерттеу мерзімі маркердің нақты түріне және зертханалық әдіске байланысты әртүрлі болады.
Жаңа жабдықтар мен Жасанды интеллект: Саланы не күтіп тұр?
Министрлік зертханалардың жүктемесін азайтып, процесті жеделдету үшін 2023–2027 жылдарға арналған кешенді жоспарды іске асыруда.
- 2025 жылы онкологиялық зертханалар үшін 18 түрлі заманауи жабдық сатып алынған.
2026 жылға арналған жоспарда тағы 27 позициядағы жабдықтарды, оның ішінде гистологиялық шыныларды сканерлеу және биопсиялық материалдарды өңдеу жүйелерін сатып алу көзделген.
«Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық» ЖШС базасында төрт жаңа референс-орталық ашу жоспарлануда.
Алдағы уақытта цифрландыру аясында гистологиялық шыныларды цифрлы форматқа көшіру жұмыстары жүргізілмек. Ең басты жаңалық – жасанды интеллект технологияларын патоморфологиялық диагностикада (суреттерді талдауда) қолдану перспективалық бағыттардың бірі ретінде танылған. Цифрлық инфрақұрылым толық дайын болғанда, бұл озық технологиялар қазақстандық ауруханалардың күнделікті тәжірибесіне енгізілмек.
Қорыта айтқанда, анализ жауабының кешігуі әрдайым дәрігерлердің немқұрайлылығы емес, зерттеудің аса күрделілігіне де байланысты болуы мүмкін. Ең бастысы, онкологиялық диагностика саласы цифрландыру мен жаңа технологиялардың көмегімен жаңғыру сатысында тұр.



