Әлем

ЦРУ басшысының Мәскеуге не үшін барғаны белгілі болды

WSJ және Politico: ЦРУ басшысы Мәскеуге НАТО елдеріне шабуылдамау қажеттігін ескерту үшін келген, деп жазады Азаттық телеграм арнасы. 

Американың екі басылымы Wall Street Journal мен Politico екі дереккөзге сүйене отырып, ЦРУ басшысы Джон Рэтклифф осы аптада Мәскеуге “НАТО елдеріне шабуылдамау қажеттігін” ескерту үшін келгенін жазды.

Мәселе Ресеймен шекаралас НАТО мүшелері Эстония, Латвия мен Литва жөнінде де болып отыр.

Бұған дейін WSJ Американың арнайы қызметінің қорытындысына сүйене отырып, Ресей басшысы Владимир Путин НАТО-ға мүше елдердің біріне жаңадан шабуыл жасап, “әскери одақтың беріктігін” тексергісі келуі мүмкін деп жазған.

Рэтклиффтің Мәскеуге сапары алдын ала хабарланбады, оның күн тәртібі мен сапарының қорытындысын Вашингтон да, Мәскеу де айтпады. Кремльдің өкілі Путиннің Рэтклиффпен кездеспегенін айтып, оның сапарын екі елдің “арнайы қызметтері арасындағы байланыспен” түсіндірген.

АҚШ президенті Дональд Трамп Рэтклиффтің Мәскеуге баруын “әдеттегі сапар” деп атады. 2021 жылы қарашада ЦРУ басшысы Уильям Бернс Мәскеуге барып, Кремльге Украинаға шабуыл жасамау қажеттігін ескерткен еді. Мәскеу шамамен төрт айдан кейін соғыс бастады деп еске салды Politico басылымы.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button