Таратылды әлде таратылмады: «AMANAT» пен «Әділет» партияларының бірігуі және мәслихат мандаттарының тағдыры

Еліміз үлкен саяси өзгеріс алдында тұр. Құрылтай сайлауы өтіп, «AMANAT» партиясының дайын ресурсына ие болған «Әділет» саяси ұйымы Құрылтайда бірден 110 мандатқа ие болғаны белгілі болды.
Алайда, республикалық деңгейдегі бұл жағдай жергілікті өкілді органдардың, яғни мәслихаттардың жұмысына қатысты бірқатар өткір құқықтық сұрақтарды туындатып отыр.
Мәселен, іс жүзінде «AMANAT» партиясының тізімімен сайланған мәслихат депутаттары әлі де өз өкілеттіктерін атқарып жатыр.
Осы түйінді тарқату үшін Tiek.kz ақпарат порталы Әділет министрлігіне мәслихат депутаттарының мәртебесіне қатысты арнайы сауал жолдаған болатын.
Редакция сауалында мәслихат депутаттарының құқықтық мәртебесіне байланысты келесідей нақты сұрақтар қойылды:
- AMANAT пен «Әділет» партиясының бірігу процесі қандай сатыда екендігі және оның аяқталған-аяқталмағаны сұралды.
- AMANAT партиясы заңды тұлға ретінде нақты қай сәттен бастап қызметін тоқтатты деп есептелетіні туралы мәселе көтерілді.
- Партиялық тізім бойынша сайланған мәслихат депутаттарының қазіргі құқықтық мәртебесі сұралды.
- AMANAT партиясының қызметі тоқтатылған жағдайда, мәслихат депутаттарының өкілеттігі автоматты түрде тоқтатыла ма деген сауал қойылды.
- Бұл рәсім қандай заң нормасына және қандай органның шешіміне негізделетіні сұралды.
AMANAT депутаттары «Әділет» партиясына мүше болған жағдайда олардың мәслихат депутаты ретіндегі өкілеттіктері сақталатыны не сақталмайтыны сұралды. - «Әділет» партиясы құқықтық мирасқор ретінде танылса, мәслихат депутаттарының мандаты сақталатыны жөнінде мәселе көтерілді.
- Босаған депутаттық мандаттар қандай тәртіппен толтырылатыны және сайлау өтетіні сұралды.
- Бірмандаттық округ бойынша және партиялық тізім арқылы сайланған мәслихат депутаттарының құқықтық жағдайындағы айырмашылықтар сұралды.
Саяси бірігу процесі қай сатыда?
Министрліктің мәліметінше, «AMANAT» партиясының съезінде оны «Әділет» партиясына қосылу жолымен қайта ұйымдастыру туралы шешім қабылданғанымен, қазіргі уақытта министрлікке партияны қайта ұйымдастыру туралы өтініш келіп түскен жоқ. Қазіргі уақытта тиісті партиялар қажетті ұйымдастырушылық-құқықтық мәселелерді шешуде. Қосылатын «AMANAT» партиясының қызметі оның қызметінің тоқтатылғаны туралы мәліметтер Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің (БСН) ұлттық тізіліміне енгізілген сәттен бастап қана тоқтатылды деп есептеледі. Яғни, заңды тұрғыдан партия әлі де жұмыс істеп тұр және мәслихат депутаттары өз орындарында.
Мәслихат мандаттары «Әділет» партиясына автоматты түрде өте ме? Құрылтайда мандаттар бөлініп қойғанымен, жергілікті деңгейдегі мәслихат мандаттарына қатысты жағдай мүлде басқаша. Әділет министрлігінің түсіндіруінше, қолданыстағы заңнамада депутаттардың партия қайта ұйымдастырылған жағдайда бір партиядан екінші партияға құқықтық мирасқорлық тәртібімен автоматты түрде өтуі көзделмеген. Демек, «AMANAT» тізімімен сайланған мәслихат депутаттарының мандаты «Әділет» партиясына мұрагерлікпен сақталмайды.
Мәслихат депутаттарының өкілеттігі қашан тоқтатылады?
Заңнамаға сәйкес, саяси партияны қайта ұйымдастыру туралы шешім қабылдау және оны қосу рәсімінің басталуы мәслихат депутатының өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтатудың дербес негіздері ретінде Заңда көзделмеген. Депутаттық мандат үшін құқықтық салдар қайта ұйымдастыру рәсімінің басталуымен емес, депутат сайланған саяси партия қызметінің ресми тоқтатылуымен байланыстырылады. Партия қажетті тіркеу рәсімдерінен өтіп, БСН тізіліміне енгізілгеннен кейін тиісті аумақтық сайлау комиссиясы адамның мəслихат депутатының өкілеттіктерін жоғалту фактісін көрсететін шешім қабылдайды жəне бұл туралы тиісті мəслихатқа хабарлайды.
Қалған мәселелер кімнің құзыретінде?
Министрлік мәслихат депутаттарының құқықтық мәртебесіне және олардың өкілеттіктерін тоқтатудың негіздеріне қатысты қосымша мәселелер бойынша Ұлттық экономика министрлігіне жүгінуді ұсынды. Ал сайлау заңнамасын қолдану және шығып қалған депутаттардың орнын алмастыру тәртібі мәселелері бойынша Орталық сайлау комиссиясына хабарласу қажеттігін атап өтті.
Қорыта айтқанда, Құрылтайдағы мандаттар мәселесі айқындалғанымен, мәслихат деңгейіндегі «AMANAT» пен «Әділет» партияларының бірігу процесі заңды түрде әлі аяқталмады.
Заңнамада мәслихат мандаттарының жаңа партияға автоматты түрде берілуі көзделмегендіктен, бұл процесс толық аяқталғаннан кейін аймақтардағы босаған орындарды толтыру бойынша жаңа саяси процедуралар басталуы мүмкін.
Редакциямыз бұл тақырыпты бақылауда ұстайды.



