Тоқаев 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерде тіркелуіне тыйым салуды ұсынды

Елімізде 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерде тіркелуіне тыйым салу жоспарланып отыр. Үкімет тиісті заң жобасын әзірлеп, оны маусым айында Парламентке енгізген. Бұл туралы бүгін Тоқаев Астанада өткен педагогтердің тамыз конференциясында мәлім етті, деп хабарлады tiek.kz.
Президенттің айтуынша, дәл қазіргі жағдай 2018 жылы қабылдаған «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» Заңды қайта қарауды және елеулі өзгерістер енгізуді талап етіп отыр
«Үкімет 16 жасқа толмаған пайдаланушыларға әлеуметтік желіде тіркелуге тыйым салатын заң жобасын әзірледі (биыл маусым айында Парламент қарауына ұсынылды). Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуында депутаттарға осы мәселені қарастыруды ұсынамын.
Көптеген озық елдер осы іспеттес шаралар қабылдады. Бізге де балалардың психологиялық жай-күйіне төнген қауіптің салдарымен күресуді доғарып, алдын алатын кез келді деп ойлаймын. Әйтпесе бұл қоғамның тұрақтылығына кері әсерін тигізеді.
Үкімет балаларды қорғау мақсатында мазмұнды (контентті) сүзгіден өткізу шараларын қабылдағаны жөн. Белгілі бір, мейлінше объективті себептерге байланысты жауапкершілікті ата-аналарға ғана артып қоя алмаймыз.
Сондықтан балаларға арналған міндетті SIM-карталарды енгізу тәжірибесін жаппай таратуды тапсырамын. Бұл олардың ақпараттық иммунитетін қамтамасыз ете алады», — деді президент.


