Әлем

Киевте Зеленский кеңсесі басшысының бұрынғы орынбасары қамауға алынды

Украина президенті кеңсесі басшысының бұрынғы орынбасары Ирина Мудрая 60 тәулікке қамауға алынды.

Мұндай шешімді 25 тамызда Украинаның Жоғары сыбайлас жемқорлыққа қарсы соты қабылдады.

Сот Мудраяға 20 млн гривен (шамамен 384 мың еуро) кепіл төлеп, қамаудан босау мүмкіндігін берді.

Мудрая кепіл сомасын өзінің қаражаты есебінен, сондай-ақ таныстары мен достарының көмегімен жинауға тырысатынын айтты.

«Менің достарым да, таныстарым да көп. Жасымды еске салайын. Осы уақыт ішінде байланыстарым жеткілікті болды», – деді ол.

Сот шешімі жарияланғаннан кейін Мудрая сот залынан конвоймен шығарылды.

Бұған дейін Арнайы сыбайлас жемқорлыққа қарсы прокуратураның (САП) прокуроры Мудраяның 250 млн гривеннен астам активі болуы мүмкін екенін мәлімдеген. Айыптаушы тарап қамауға балама ретінде кепіл сомасын 150 млн гривен көлемінде белгілеуді сұраған. Алайда сот 20 млн гривен көлемінде кепіл белгіледі.

Мудраяның адвокаты прокуратура сұраған кепіл сомасын тым жоғары деп атады. Сондай-ақ қорғаушы күдіктің негізсіз екенін айтып, қамауға алудан бас тартуды сұраған.

Мудрая қандай іске қатысы бар деген күдікке ілінді?

Ирина Мудрая 19 тамызда Украина президенті Владимир Зеленскийдің жарлығымен Президент кеңсесі басшысының орынбасары қызметінен босатылған.

Сол күні Украинаның Ұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы бюросы (НАБУ) мен Арнайы сыбайлас жемқорлыққа қарсы прокуратура жоғары лауазымды шенеуніктердің үйлерінде тінту жүргізгені белгілі болды.

НАБУ мен САП қазіргі және бұрынғы Жоғарғы рада депутаттарының басшылығымен әрекет еткен және Украина президенті кеңсесінің жоғары лауазымды қызметкерлері қатысқан деген күдікке ілінген «қылмыстық ұйымды әшкерелеу бойынша арнайы операция» жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Украина БАҚ-тары мен саясаткерлерінің хабарлауынша, тінту жүргізілгендердің арасында Ирина Мудрая да болған.

Тергеуде Жоғарғы раданың бұрынғы депутаты Максим Микитасьтың да аты аталады. Іс «Сенс Банкке», сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа күдікке ілінген Украинаның бұрынғы энергетика және әділет министрі Герман Галущенко үшін кепіл төлеуге байланысты.

Жас алаш

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button