«Қазақстан мен Украина арасында тарихи байланыс жатыр»: Зеленский Тоқаевқа алғыс айтты

Украина Президенті Владимир Зеленский Тәуелсіздік күніне орай құттықтау жолдаған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғысын білдірді, деп хабарлайды Alash.kz.
Украина басшысы бұл туралы X (бұрынғы Twitter) желісіндегі ресми парақшасында жазды. Ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың ізгі тілектері мен құттықтауын өте жоғары бағалайтынын жеткізді. Владимир Зеленский екі ел арасындағы қарым-қатынас өзара сыйластық пен түсіністікке және қос халықты жалғап жатқан терең тарихи байланыстарға негізделгенін айтты.
Сонымен бірге Украина басшысы Қазақстанмен арадағы серіктестік пен ынтымақтастықты алдағы уақытта да жан-жақты нығайтуға ниетті екенін алға тартты.
Владимир Зеленский: «Украина Қазақстанмен өзара құрметке, түсіністікке және халықтарымыз арасындағы ежелгі байланыстарға негізделген достық қарым-қатынасты жоғары бағалайды. Біз ынтымақтастығымызды одан әрі нығайтуға ниеттіміз. Сізге табыс, ал достас Қазақстан халқына бейбітшілік, бақ-береке және өркендеу тілеймін», – деп жазды.



