
Бүгін Үкімет отырысында өңірлердің қысқы маусымға дайындығы пысықталды. Премьер-министр Олжас Бектенов энергия нысандарының қыс мезгіліне дайындығын бағалау жөніндегі комиссиялардың жұмысымен танысу барысында бірқатар өңірлердің қысқы жылыту маусымына әлі дайын емес екені анықталды, деп хабарлады tiek.kz.
Әсіресе, Көкшетау, Теміртау және Жезқазған қалаларында жағдай күрделі болып отыр. Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстарында жылу желілерін жөндеу жұмыстарының қарқыны да көңіл көншітпейді.
Үкімет басшысы биыл энергетикалық нысандарды жөндеуге 851 миллиард теңге қарастырылғанын айтты. Бұл былтырғыдан 60 пайызға көп. Соның ішінде «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы арқылы шамамен 384 миллиард теңге бөлінген. Аталған сома 2025 жылғы жөндеу науқанына бағытталған қаражаттан 15 пайызға артық.
Бектенов осынша қаржы бөлініп отырған кезде жөндеу мерзімін кейінге шегеруге, жұмысты баяу жүргізуге немесе қаражатты игермей қалуға жол берілмейтінін қатаң ескертті.
«Мұншама көлемде ақша құйып отырғанда жөндеу мерзімін шегеру, жұмыстың төмен қарқыны және бөлінген қаражатты игермеу ақылға сыймайды. Қолымдағы ақпаратқа сәйкес, бірқатар өңірде жөндеу жұмыстарын уақытында аяқтамау қаупі бар», – деді Олжас Бектенов.
Жылыту маусымына небары бір ай ғана қалды. Сол себепті Бектенов әкімдерге энергия нысандарының қыс мезгіліне дайындығын бағалау жөніндегі комиссиялардың жұмысына тікелей қатысуды тапсырды.
«Энергия көздерін жөндеу мерзімдерін ұзарту жағдайлары әлі де жалғасып жатыр. Бұл орындаушылық тәртіптің төмендігі мен іс-шаралардың уақытылы қабылданбағанын көрсетеді. Энергетика министрлігіне әрбір осындай факт бойынша әкімшілік шаралар қабылдауды тапсырамын. Жөндеу науқанының мерзімін бұзған немесе оны созып жүрген басшылардың жауапкершілігін де қарау қажет. Қазір энергия кәсіпорындарының жылыту маусымына әзірлік паспорттарын алу жұмыстары басталды. Әкімдерге энергия нысандарының қыс мезгіліне дайындығын бағалау жөніндегі комиссиялардың жұмысына тікелей қатысуды тапсырамын, — деді премьер-министр.
Сондай-ақ ол мерзімді бұзған жауапты басшылардың жауапкершілігі қаралады. Энергетика министрлігіне әрбір осындай факті бойынша әкімшілік шара қабылдау тапсырды.
«Әзірлік паспортын алмай тұрып, жылыту маусымын бастап кететін болса, тиісті басшылар жауапкершілікке тартылады. Жалпы Энергетика министрлігіне өңір әкімдіктерімен бірлесіп, жылу көздері мен жылу желілерінде жөндеу жұмыстарының уақытылы аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырамын. «Самұрық-Энерго» жөндеу жұмыстарының мерзімінде аяқталуын ғана емес, жаңа қуаттарды іске қосуды да қамтамасыз етсін. KEGOC компаниясы желілер мен қосалқы станцияларды жөндеудің бекітілген кестесін орындауға тиіс. Жылыту маусымын белгіленген мерзімде бастау қажет, — деді Олжас Бектенов.



