Қоғам
Тренд

«Халық социализм идеясын қолдамайды екен»: Ермұхамет Ертісбаев зейнетке кетті

Қазақстанның Халық партиясының бұрынғы төрағасы Ермұхамет Ертісбаев саясаттан кететінін хабарлады. 

Саясаткердің бұл шешіміне Қазақстан Халық партиясының Құрылтай сайлауында 5 пайыздық межеден өте алмауы себеп болған.

«Бүгін мен өзімнің жеке шешімім туралы айтқым келеді. Мен белсенді саясаттан кетемін. Саяси өмірбаянымның осы кезеңі аяқталды деп есептеймін. Ең алдымен, бізге дауыс берген, сайлау науқанында еңбек еткен, үгіт жүргізген, пікірталасқа қатысып, бағдарламамызды қорғаған және бізге сенген баршаңызға зор алғысымды білдіремін», – деді Ермұхамет Ертісбаев.

Оның айтуынша, партия ұсынған қазақстандық социализм идеясы қоғамнан қажетті қолдау таппаған.

«Қазақстандық социализм идеясының біз күткендей жаппай қолдау таппағаны өкінішті. Демек, не қоғам бұл идеяға әзірге дайын емес, не біз оны жеткілікті деңгейде нанымды түсіндіре алмадық. Бәлкім, екеуі де шығар. Бірақ тарих сайлау учаскелері жабылған кеште аяқталмайды. Менің өмірім де жалғасып жатыр», – деді ол.

Енді ол халықаралық саясат, тарих, саясаттану және ағартушылық қызметке көңіл бөлмек.

Қазақстан Халық партиясы (ҚХП) соңғы сайлау қорытындысы бойынша сайлаушылардың талап етілетін 5% дауысын жинай алмай, Құрылтайға өте алмады. Партия сайлауда шамамен 3 төңірегінде ғана дауыс жинады. Партия басшылығы мұны елдегі саяси жүйенің кемелденуі және партиялар арасындағы бәсекенің артуы деп түсіндірді.

Алайда саясаттанушы, PhD Қазыбек Майгелдиновтің айтуынша, Қазақстан Халық партиясының құлдырауына басқа себептер әсер еткен.  Айтуынша, Қазақстан Халық партиясы идеологиялық тұрғыдан әбден ескірген ұйым.

«Осы жолы басты бәсекелесі, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия бұл жолы басымырақ, яғни солшыл әлеуметтік дауысты жинауда басымырақ болды. Соның нәтижесінде бұл да, жаңағы, осы біз көріп отырған 3 пайыз ғана дауыс табуына алып келген сияқты. Және енді объективті себепті де айта кетуіміз керек: бұл партияның идеологиясы сол Кеңес Одағындағы ностальгиялық бренд ретінде, мына сайлаушылардың, 50-60-тан жоғары жастағы азаматтарға қызығушылық танытуы мүмкін. Бірақ енді, мұндай идеология қазір тартымдылығы азайып келе жатқанын айтуға болады. Өйткені жаңа буындар өсіп келе жатыр. Жаңа буындар болғанда, сол, мысалы, Z буынын айтатын болсақ, олардың көзқарасы да, саяси бағыттылығы да мүлдем өзгеше. Сол коммунизмді аңсау оларда жоқ, ол тіпті естерінде де жоқ. Сондықтан осы тұрғыдан алған кезде, бұл партияның жалпы саяси тартымдылығы, менің ойымша, төмендеп кетті», — деп атап өтті Қазыбек Майгелдинов.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button