Электросамокатпен тротуарда жүруге тыйым салынды
Осы көлік түрлеріне қатысты апаттардан 10 бала көз жұмып, 329 кәмелетке толмаған бала зардап шеккен.

Елімізде электросамокатпен жүруге қатысты жаңа талаптар күшіне енді.
Енді электросамокатпен тротуарда және жаяу жүргіншілер жолында жүруге болмайды. Велосипед жолы немесе арнайы жолақ болса, самокат тек сол жерде жүргізілуі керек. Ал ондай жол болмаған жағдайда жолдың оң жақ шетімен немесе жол жиегімен жүруге рұқсат етіледі.
Бұл жолмен тек 18 жастан асқан, кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі бар және қорғаныш дулыға киген азаматтар ғана жүре алады. Қараңғы уақытта жарық шағылыстыратын белгілерді пайдалану міндетті.
Электросамокатпен жолаушы немесе жүк тасымалдауға болмайды. Жаяу жүргіншілер өткелінен самокатты жаяу жетелеп өту қажет. Жалға берілетін электросамокаттар тіркеу нөмірімен және міндетті сақтандырумен қамтамасыз етілуі тиіс.
Жыл басынан бері электросамокат жүргізушілерінің кінәсінен 47 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Осы көлік түрлеріне қатысты апаттардан 10 бала көз жұмып, 329 кәмелетке толмаған бала зардап шеккен.



