Сараптама
Тренд

«Бұл – Назарбаев жүйесімен қоштасудың соңғы нүктесі»: елімізде Құрылтай сайлауынан кейін не өзгереді

Елімізде екі палаталы Парламенттің (Сенат пен Мәжіліс) орнын бір палаталы заң шығарушы орган – Құрылтай басып, мемлекеттік басқару жүйесі жаңа форматқа көшіп жатыр.

Сарапшылар бұған дейін Қазақстанда жаңа Конституция мен Құрылтай сайлауы елдің саяси архитектурасын түбегейлі жаңартуға апаратын қадам екенін айтқан еді.

Соған сәйкес, сайлау аяқталып, дауыс беру қорытындылары шығарылғаннан кейін елімізде бірқатар маңызды саяси, кадрлық және институционалдық өзгерістер болмақ.

Ең алдымен 145 депутаттан тұратын жаңа пропорционалды жүйедегі Құрылтай өз жұмысына ресми түрде кіріседі. Депутаттардың алдында елдің экономикалық және әлеуметтік дамуына бағытталған заңдарды қабылдау міндеті тұр.

Мемлекет басшысы атап өткендей, халық сайлаған өкілдер тек заң қабылдап қана қоймай, берілген уәделер мен мемлекеттік бағдарламалардың сапалы жүзеге асырылуына тікелей жауапты болады.

Үкімет отставкаға кетеді
Одан кейінгі болатын үлкен өзгерістің бірі  —  Үкіметтің отставкасы және жаңа министрлер кабинетін жасақтау болып отыр.

Заң талаптарына сәйкес, Құрылтай сайлауынан соң Үкімет толық құрамда отставкаға кетеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл кадрлық шешім тек формалдылық емес екенін, Үкімет жұмысына тың серпін беру үшін жасалатынын атап өтті.

«Жаңадан сайланған Құрылтай депутаттарымен консультациялар өткізіліп, Премьер-министр тағайындалады. Одан кейін он күн ішінде Үкіметтің жаңа құрылымы мен құрамы жасақталып, министрлер мен кейбір өңір басшыларының ауысуы мүмкін» деді Мемлекет басшысы.

Жаңа саяси институттар мен тетіктер іске қосылады

Республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституция аясында мемлекеттік аппараттың жұмысы жаңа бағытта жалғасады. Нақты айтар болсақ, вице-президент тағайындалып, жаңадан құрылған Халық кеңесі өз жұмысын бастайды.  Вице-президент лауазымы мен жаңартылған конституциялық институттар елдегі билік транзиті мен тұрақтылығының қосымша кепілдігіне айналады.

Ал бұрынғы Қазақстан халқы Ассамблеясының орнын басқан Халық Кеңесі ішкі саясаттың негізгі бағыттары бойынша ұсынымдар әзірлеп, Құрылтайға заң жобаларын енгізу бастамасымен шыға алатын құрылым болмақ.

Құрылтай сайлауынан кейінгі кезең еліміздің әлеуметтік-экономикалық бағытын жаңғыртуға, мемлекеттік басқарудың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды кезең болмақ. Қоғам мен халық жаңа депутаттардан нақты реформалар мен оң өзгерістер күтіп отыр.

Бұл – Назарбаев жүйесімен қоштасудың соңғы нүктесі

Саясаттанушы, PhD Қазыбек Майгелдиновтың айтуынша, қайта құрылымдау жұмыстары өте жылдам өтуі тиіс.

«Жалпы жаңа Құрылтайдың жұмысы жылдам өтетін сыңайлы, себебі бұрын болмаған коалиция құру процесі соншалықты көп уақытты қажет етпейді. Парламенттік оппозиция институты бар болғанымен, оны толыққанды пайдаланып жатқан партия әзірге байқалмады.

Бірінші сессияда төрағаны сайлау және комитеттерді бекіту бірнеше күнде шешіледі. Президенттің мәлімдеуінше, алдағы 7–10 күн ішінде вице-президент лауазымы мен Қазақстан Халық кеңесі іске қосылып, басты саяси мәселелер реттеледі.

Үкімет пен министрлер кабинетіне келсек, түпкілікті өзгерістер болмайды, басым бөлігі сол күйінде қалады. Дегенмен, Президент айтқан жаңа экономикалық саясат пен халық жиі бетпе-бет келетін салаларға (энергетика, баға, тұрғын үй мәселесі) қатысты министрліктерде косметикалық өзгерістер мен кадрлық ауысулар болуы ықтимал.

Заңнамалық тәртіп бойынша, Президент жаңадан жасақталған парламент фракцияларымен пікір алмасып, Премьер-министр кандидатурасын Құрылтайдың келісіміне ұсынады. Ал сыртқы істер, қорғаныс және ішкі істер министрлерін өзі дербес тағайындайды. Жаңадан тағайындалған премьер-министр алдағы 10 күн ішінде үкіметтің жаңа құрамын ұсынуы тиіс. Осылайша, үкімет отставкасы қыркүйектің басында жүзеге асып, жаңа кабинет бір-екі апта ішінде толық жасақталуы мүмкін», — дейді сарапшы.

Ал ⁠Құрылтайдың құрылуымен бірге елдің саяси сахнасында біршама өзгеріс болуы мүмкін.

Ал ⁠Құрылтайдың құрылуымен бірге елдің саяси сахнасында біршама өзгеріс болуы мүмкін.
«Бір палаталы, 145 орындық Құрылтай құрылып жатыр. Заң шығару процесі бір орталыққа шоғырланып, Президент айтқан «күшті Президент, ықпалды Құрылтай, есеп беретін Үкімет» қағидаты мен билік балансы орнығуда. Оған қоса, вице-президент пен Қазақстан Халық кеңесі жаңа институттар ретінде қосылмақ.

Институционалдық тұрғыдан алғанда, бұл – Назарбаев жүйесімен қоштасудың соңғы нүктесі. «Нұр Отан» мен «AMANAT» желісі толықтай жабылып, оның орнына «Әділет» және «Президенттік реформа» деген жаңа брендтер қалыптасып отыр. Бұл символикалық мағынада «ескі Қазақстанмен» қоштасып, «жаңа Қазақстанның» өз рельсіне түскенін білдіреді. Дегенмен, негізгі Заң бойынша еліміз президенттік республика болып қала береді және билік вертикалі сақталады.

Қазіргі уақытта мынадай сұрақтар маңызды:
— Вице-президент қызметіне кім келеді?
— Құрылтай ішінде коалиция құрыла ма, әлде шағын фракциялар күйінде қала ма?
— Үкіметтегі ауысулар қаншалықты терең болады?

Бұл – қысқа мерзімде шешімін табатын мәселелер. Ал орта және ұзақ мерзімде бір-екі жылдан кейін өтетін президент сайлауына қатысты жаңа үрдістер пайда болуы мүмкін. Дегенмен, алдымен Құрылтайдың алғашқы 100 күндік жұмысын қорытындылап, соған сәйкес кейінгі өзгерістерді болжауға болады», — дейді Қазбек Майгелдинов.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button