Сайлау - 2026

Құрылтай және экономика: жаңа кезеңнің басымдықтары

Қазақстанның саяси жүйесіндегі жаңа кезең алғашқы бірпалаталы Парламент – Құрылтайдың қалыптасуымен жалғасын тапты. Жаңа заң шығарушы органның жұмысы заңнамалық үдерісті жетілдірумен қатар, экономикалық саясаттың тұрақтылығы мен болжамдылығын арттыруға, қоғамның түрлі топтарының мүддесін тиімді жеткізуге жаңа мүмкіндіктер береді.

Құрылтайдың жаңа құрамынан экономиканы әртараптандыру, шағын және орта бизнесті қолдау, инвестициялық ахуалды жақсарту және өңірлердің теңгерімді дамуына бағытталған бастамалар күтіледі. Сонымен бірге депутаттардың кәсіби біліктілігі мен қоғамдық жауапкершілігі, сайлаушылармен тұрақты байланысы жаңа институттың тиімділігін айқындайтын маңызды фактор болмақ.

Құрылтайдың экономикалық даму үшін маңызы және жастардың жаңа саяси форматтағы мүмкіндіктері туралы Экономика кафедрасының доценті, PhD Айнур Мухамедханова пікір білдірді.

 

— Мемлекет басшысы алғашқы бірпалаталы Парламент сайлауының тарихи мәні зор екенін атап өтті. Құрылтайдың жаңа заң шығарушы орган ретінде қалыптасуы Қазақстанның саяси жүйесіне қандай жаңа мүмкіндіктер береді?

Алғашқы бірпалаталы Парламент сайлауының тарихи маңызы ең алдымен заң шығару жүйесінің жаңа кезеңге өтуімен байланысты. Құрылтайдың қалыптасуы мемлекеттік басқаруда шешім қабылдау үдерісін ықшамдап, заңнамалық бастамалардың сапасына көбірек назар аударуға мүмкіндік береді. Бұл жағдайды экономикалық саясаттың тұрақтылығы мен болжамдылығын қамтамасыз ететін маңызды фактор деп бағалаймын. Себебі сапалы әрі түсінікті заңдар бизнеске де, азаматтарға да өз әрекетін ұзақ мерзімге жоспарлауға жағдай жасайды. Сонымен қатар жаңа формат Парламенттің қоғамдағы түрлі әлеуметтік және экономикалық топтардың мүддесін тиімдірек жеткізуіне мүмкіндік береді.

 

Президент Құрылтай сайлауына үлкен үміт артып, жаңа тұлғалар мен жаңа идеялардың пайда болғанын айтты. Жаңа құрамның елдің даму күн тәртібіне қандай серпін әкелетінін күтесіз?

Жаңа тұлғалар мен жаңа идеялардың келуі, кез келген саяси институттың дамуына серпін беретін фактор. Мен жаңа құрамнан экономиканы әртараптандыру, шағын және орта бизнесті қолдау, өңірлер арасындағы даму айырмашылығын азайту, инвестициялық ахуалды жақсарту сияқты мәселелерге жаңа көзқарас күтемін. Қазіргі кезеңде Қазақстан үшін тек экономикалық өсімге қол жеткізу жеткіліксіз, сол өсімнің халықтың тұрмыс сапасына нақты әсер етуі маңызды. Сондықтан Құрылтай депутаттарының жаңа идеялары әлеуметтік және экономикалық саясаттың тиімділігін арттыруға бағытталса, оның нәтижесі қоғам үшін де сезіледі деп ойлаймын.

 

Мемлекет басшысы депутаттардың заң сапасына жауап беруі және сайлаушылар алдында берген уәделерін орындауы маңызды екенін атап өтті. Бұл талаптар Құрылтай депутаттарының кәсіби және қоғамдық жауапкершілігін арттыруға қалай ықпал етеді?

Депутаттың заң сапасына жауап беруі және сайлаушыға берген уәдесін орындауы, оның кәсіби біліктілігімен қатар қоғамдық жауапкершілігін де көрсетеді. Депутат қабылданатын шешімнің тек бүгінгі емес, бірнеше жылдан кейінгі салдарын да есептей білуі керек. Әсіресе экономикалық сипаттағы заңдарда бір шешімнің бюджетке, бизнеске, инвестицияға және азаматтардың табысына әсері болуы мүмкін. Сондықтан депутаттардың өз бастамаларының нақты нәтижесіне жауап беру мәдениеті қалыптасуы маңызды. Бұл өз кезегінде халық пен билік арасындағы сенімді нығайтып, депутаттарды сапалы сараптамаға, мамандармен жұмыс істеуге және сайлаушылармен тұрақты байланыста болуға ынталандырады.

 

Президент жастардың ой-пікірін еркін жеткізуін және мемлекеттің дамуына үлес қосуын қолдайтынын айтты. Құрылтайдың жаңа форматында жастардың қоғамдық-саяси белсенділігі үшін қандай мүмкіндіктер ашылады?

Жастардың қоғамдық-саяси үдерістерге араласуы, елдің ұзақ мерзімді дамуы үшін маңызды ресурс. Жаңа форматта жастарға өз ұсыныстарын тек әлеуметтік желілерде немесе қоғамдық алаңдарда емес, нақты мемлекеттік шешімдер қалыптастыру үдерісінде көрсетуге мүмкіндік болуы керек. Менің ойымша, жастардың білім беру, цифрландыру, жұмыспен қамту, кәсіпкерлік және жаңа технологиялар жөніндегі ұсыныстары ерекше өзекті. Себебі бүгінгі жастар, ол ертеңгі экономикалық және саяси шешімдерді қабылдайтын буын. Сондықтан олардың пікірін есту ғана емес, сол пікірді нақты саясат пен заңнамалық бастамаларға айналдыру тетіктерін дамыту қажет. Бұл Құрылтайдың қоғаммен байланысын күшейтіп қана қоймай, жастардың мемлекет тағдырына деген жауапкершілігін де арттырады.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button