3 аптада көрші елдерден Сирияға 50 мыңнан аса адам оралды

Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары Филиппо Гранди Сирияға көрші елдерден оралған босқындар саны 3 апта ішінде 50 мыңнан асқанын атап өтті.

Анадолы ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Гранди Х әлеуметтік желісінде Башар Асад режимі құлағаннан кейін сириялық босқындардың өз еліне оралып жатқаны туралы жазды.

Ол көрші елдерден отанына оралған сириялық босқындардың саны біртіндеп артып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, тек соңғы 3 аптада Сирияға 50 мыңнан астам адам оралды.

Бұл ретте Гранди Сириядағы өмір сүру жағдайлары қорқынышты болып қала беретінін, оралған адамдарға және мұқтаж жандарға көбірек гуманитарлық көмек көрсету қажет екенін айтты.

Еске салсақ, Сирия оппозициясы Дамаскінің Асад режимінен азат етілгенін жариялады. Бұл туралы Сириядағы адам құқықтарын бақылау орталығы хабарлады.

Кейіннен Башар Асад президенттік қызметтен бас тартып, елден кету туралы шешім қабылдағаны белгілі болды.

Өзге де материалдар ―